26 жастағы қыз топтық зорлау оқиғасының құрбаны болды, ал құқық қорғау органдары оның арызын қабылдамады. Оның бастан кешірген оқиасын «НеМолчи.kz» қоғамдық қоры әлеуметтік желілердегі парақшасында жариялады.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Балқаш қаласының тұрғыны 23 маусымда түнде зорланған. Сол күні кеште ол балаларына айран мен нан сатып алу үшін дүкенге шыққан. Алайда үйіне қайта оралмады. Жәбірленушінің жұбайы оны туыстары, достары мен таныстарының үйінен іздеген. Ақыры таба алмаған соң 25 маусымда полицияға жүгінген.
Қордың мәліметінше, зорлаушылар жәбірленушіні дүкеннен үйге қайтып бара жатқанда артынан аңдып тұрған. Ер адамдардың бірі келіншектің танысы болып шықты.
Қаскөйлер әйелді көлікке күштеп итеріп кіргізіп, айдалаға апарып түні бойы зорлаған. Сондай-ақ олар оны ұрып-соғып, қорлап, тіпті денесіне темекі сөндірген. Таңертең олар жәбірленушіні далаға тастап, кетіп қалған.
«Келіншек басынан өткерген жағдайдан кейін полицияға жүгінуге бел буады. Бірақ полицияда оған қысым жасалды. Оның жағдайын көріп тұрса да, туған-туыстарына ештеңе айтпады. Тек табылғанын айтты. Сот медициналық сараптама кезінде оған былапыт сөз айтқан. Мұның бәрін ол өзі жазды. Күйеуі жауап алу хаттамасында жазылғандардың барлығын тексеруге кеңес бергеннен кейін бөлімнен шығарылды», — деді «НеМолчи.kz» қорының өкілдері.
Сондай-ақ, қор өкілдері полиция қызметкерлері жәбірленушіге емес зорлаушыларға көбірек сенетінін айтып отыр.
«Тергеуге көптеген сұрақтар қойылды, бірақ оларды қоюдың мәні жоқ деп ойлаймын. Әдеттегідей әйелді олардың қушағына өзі барып, денесіне темекі сөндіруге, қабырғаларын сындырып, аяқ-қолы, арқасы қызыл қанға боялатындай «келісілген жыныстық қатынасқа» түсуге рұқсат беретін жөзекше, маскүнем жасады!»- деп қосты қордағылар.
Бұл жайтқа Қарағанды облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, әйелдің жоғалғаны туралы өтініш Балқаш полициясына 25 маусым күні сағат 12:45-те түскен. Сол күні сағат 16:00-де Балқаш полиция бөліміне жоғалған келіншектің өзі келіп, зорланғанын мәлімдеді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 120-бабы 2-бөлігі «Бір топ адам жасаған зорлау» бойынша қылмыстық іс тіркелді.
«Полиция қызметкерлері екі ер адамды анықтап, ұстады, олардың біреуі 2012 жылдан бері жәбірленушімен таныс. Ұсталғандар оқиғаның өз нұсқасын айтты. Тергеу барысында сараптамалар тағайындалып, іс бойынша ақиқатты анықтау мақсатында алғашқы іс-шаралар жүргізілді, соның ішінде болжамды оқиға болған жер тексерілді», — деп атап өтті Қарағанды облысы ПД тергеу басқармасының бастығы Рүстем Көлкеев.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу және жәбірленушінің дәлелдерін тексеру үшін Балқашқа жедел-тергеу тобы жіберілгенін айтты. Қылмыстық істі тергеу барысы Қарағанды облысының полиция департаменті басшылығының бақылауында.