АҚШ президенті Джозеф Байден елдің Париж климаты жөніндегі келісімнен шыққаны үшін әлемдік көшбасшылардан кешірім сұрады.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Париж келісімі АҚШ байлығын басқа елдердің пайдасына қайта бөлінеді, ал аталған келісімнің ережелерін орындайтын болса, АҚШ 2025 жылға қарай 2,7 млн жұмыс орнын жоғалтуы мүмкін деп есептеген.
АҚШ президенті демократ Джо Байден басқаша пікірде, сол себепті әлемдік көшбасшылардан республикашыл Дональд Трамптың шешімі үшін кешірім сұрады.
АҚШ көшбасшысы дүйсенбі күні БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP26) тараптарының 26-шы конференциясы аясындағы іс-шаралардың бірінде осылай деп мәлімдеме жасады.
«Менің кешірім сұрамауым керек деп ойлаймын, бірақ АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігінің Париж келісімінен шығып, бізді қауіпті жағдайға душар еткені үшін кешірім сұраймын», — деді ол. Байден президент лауазымына кірісе салысымен АҚШ-тың осы келісімге қайта оралуына бұйрық бергенін еске салды.
Естеріңізге сала кетейік! 2020 жылдың қарашасында АҚШ ресми түрде келісімнен шықты. Байден инаугурация рәсімінен кейін бірнеше сағат өткен соң 2021 жылдың 20 қаңтарда бірқатар резонанстық шешімдердің күшін жоятын жарлықтарға қол қойды. Атап айтқанда, АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына және Париж климаты жөніндегі келісімге қайта оралды.
Анықтама үшін! Франция астанасында 2015 жылғы 12 желтоқсанда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 21-ші конференциясының қорытындысы бойынша климат жөніндегі Париж келісімі қабылданды. Келісім 2016 жылғы 4 қарашада күшіне енді. Құжат 2100 жылға дейін әлемде орташа жылдық температураның 2 градустан артық көтерілуіне жол бермей, көрсеткішті 1,5 градус шамасында ұстап тұру көзделген. Тамыз айының басында Женевада Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы ұсынған баяндамаға сәйкес, жер бетіндегі орташа температура 2011-2020 жылдар аралығында 1850-1900 жылдар аралығындағы ұқсас көрсеткіштерден 1,09 градусқа жоғары болған. Бұл ретте бұл өсімге адамдардың шаруашылық қызметінің үлесі шамамен 1,07 градусты құрайды.