БҰҰ Украинаға ашаршылыққа тап болуы мүмкін деп мәлімдеді. Елді азық-түлік жетіспеушілігі қаупі төніп тұрған мемлекеттер тізіміне енді.
2022 жылғы маусым мен қыркүйек аралығында Украинамен қатар әлемнің 20 елінде азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінің айтарлықтай нашарлауы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ сайтында жарияланған Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының болжамында айтылған.
Баяндамада 46 елде 49 миллион адам аш қалу немесе аштық қаупі «көрсеткіші айтарлықтай жоғары» екені айтылған.
Сонымен қатар, 81 елде 276 миллион адам азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шегуде және Украинадағы қақтығыс салдарынан олардың саны 2022 жылы 323 миллионға дейін артуы мүмкін.
Атап айтқанда, Ауғанстан, Ангола, Гаити, Гондурас, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Ливан, Мозамбик, Мадагаскар, Орталық Африка Республикасы, Сирия, Судан, Уганда және Йеменде азық-түлік жетіспеушілігі сақталып отыр. Жақында аталған тізімге Украинадан басқа Шри-Ланка, Бенин, Кабо-Верде, Гвинея және Зимбабве кірді.
Сарапшылардың пікірінше, ашаршылықтың қазіргі жағдайы бірқатар факторларға байланысты болып отыр: қақтығыстар, COVID-19 пандемиясы, климаттық құбылыстар, кедей елдердің сыртқы қарызының өсуі және қаржылық қиындықтар.