ИИДМ-ның бұрынғы вице-министрінен қымбат көліктер мен элиталық жылжымайтын мүлік анықталды.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Тимур Тоқтабаевты ұстап, оның жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне арест қойылғанын хабарлаған.
Министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды, деп хабарлайды Антикор.
Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге алмаған. 7 қарашада лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тоқтабаев ұсталды.
Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8 автокөліктері анықталды және қамауға алынды.
Кейіннен ИИДМ хабарлағандай, Тоқтабаев ведомстводан 3 жыл бұрын өз еркімен жұмыстан кеткен.
Тоқтабаев 2019 жылғы 5 наурыздан 17 желтоқсанға дейін вице-министр лауазымын атқарған, кейін жұмыстан кетті.