БҰҰ-ның сарапшылары Қазақстан бітімгерлерінің дайындығына баға берді

БҰҰ өкілдері қазақстандық бітімгерлердің бітімгершілік операцияларға қатысуға дайындығын бағалау мақсатында Қазақстанға келді.

Миссияға Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар департаментінің сарапшылары қатысады.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бітімгершілік дайындық орталығына (ҚАЗЦЕНТ) барудағы басты мақсаты – оның қызметімен танысу және қазақстандық бітімгершілік контингенттің дайындық әлеуетінің жүйесі шеңберінде БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына қатысуға дайындығын айқындау», — деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Сапар барысында сарапшылар бірікккен бөлімшенің бақылау-өткізу және қадағалау пункттерінде қызмет атқару, гуманитарлық жүкті алып жүру, маңызды объектілерді күзету, жергілікті халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу және сол аймақты патрульдеу тапсырмаларын пысықтады.

Ұшқышсыз басқарылатын аппараттар бөлімшелерінің іс-қимылын, олардың техникалық мүмкіндіктерін, оларды бақылау және ақпарат жинау қабілетін бағаланғаны атап өтілді. Инженерлік-саперлік бөлімшелердің мамандары қолдан жасалған жарылғыш заттарды табу және оларды жою іс-қимылдарын орындады.

Сапардың қорытындылары бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік әлеуетінің әзірлік жүйесінің ілгерілеу мүмкіндігіне, қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен, медициналық, тылдық және басқа да мүлікпен жарақтандырылуына, сондай-ақ Қазақстанның бітімгершілік контингентінің дайындық деңгейіне алдын ала баға берілетін болады.

 

Добавить комментарий