БҰҰ-ның бірнеше агенттіктері Қазақстанға орналастырылды

Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы мен БҰҰ-ның басқа да агенттіктері Ауғанстаннан эвакуацияланғаннан кейін Қазақстанда жұмыстарын жалғастырады.

Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді. Қазақстан Президенті олардың өтінішін қабылдады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

«Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады. 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды», — деп хабарлады министрліктегілер.

СІМ Алматы Әкімдігі, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдауда. Келген қызметкерлер халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері болып табылады.

«Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп күтілуде», — деп хабарлады СІМ.

Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығыстары толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.

Билеуші режимге қарсы ұзақ жылға созылған соғыстан кейін тәліптер Ауғанстандағы билікті өз қолына алды. Олар 15 тамызда Кабулды басып алды. Ал Президент елден қашып кетті. Қазір ол жанұясымен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр.

Добавить комментарий