Әлемде ет пен құс еті бағасының рекордтық өсімі байқалады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) шолуында ет бағасының рекордтық деңгейге жеткені айтылған.
ФАО-ның ет бағасы индексі маусым айында кезекті рет деңгейге — 124,7 пунктке жетті.
Бұл мамыр айындағы көрсеткіштен 1,7%-ға жоғары және 2021 жылғы маусым деңгейінен 12,7%-ға жоғары.
«Еттің барлық түрінің әлемдік бағасы өсті, бірақ басқаларға қарағанда, рекордтық деңгейге дейін құс еті қымбаттады, себебі Украинадағы соғыс пен Солтүстік жарты шарда құс тұмауының таралуы салдарынан әлемдік нарықтағы ұсыныс шектелген», — деп хабарлайды ФАО.
ФАО сүт өнімдеріне баға индексінің орташа мәні маусымда 149,8 пунктті құрады, бұл мамырдағы көрсеткіштен 4,1%-ға жоғары және 2021 жылғы маусымдағы деңгейден 24,9%-ға жоғары. Ірімшік бағасы едәуір өсті, бұл негізінен жыл соңына қарай ірімшік тапшылығына тап болу қаупі аясында споттық жеткізілімдерге импорттаушылар тарапынан сұраныстың күрт артуының салдары болды. Сүт ұнтағының әлемдік бағасы белсенді импорттық сұраныстың және бұрынғыдай шектеулі ұсыныстың әсерінен өсті.
ФАО мәліметінше, маусым айында азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы шамалы төмендеді, мұндай тренд үшінші ай қатарынан байқалады. Бұл ретте азық-түлік тауарларына баға индексінің мәні 2021 жылғы маусымдағы көрсеткіштен 23,1%-ға жоғары болып қалады. Өткен айда өсімдік майлары, дәнді дақылдар мен қанттың әлемдік бағасының төмендеуі байқалды.