Бүгін Нұр-Сұлтан әуежайына Pfizer вакцинасы келді. Хабарланғандай, коронавирусқа қарсы препараттың 35 мың дозасы жеткізілді.
Бұл туралы елордалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Америкалық вакциналар Денсаулық сақтау департаментінің қоймасына мұздатқыштарда жеткізілді.
Бірінші кезеңде елордаға америкалық вакцинаның 35 мыңнан астам дозасы келді. Олардың барлығы арнайы Pfizer сақтауға арналған мұздатқыштарға орналастырылған.
«Алғашқы партияның 35 100 дозасы бүгін медициналық ұйымдардың вакцинация пунктеріне, сол сияқты елордалық мектептердің медициналық пунктеріне бөлінеді. Бұрын біз БМСК ұйымдарында ғана вакциналауды жоспарлаған едік, бірақ екпе алудың ыңғайлылығы үшін білім беру мекемелеріндегі медициналық пунктерде жасөспірімдерге екпе салу мүмкіндігі қарастырылды. Медицина қызметкерлері арнайы оқытудан өтіп, барлық ұсынымдар бойынша хабардар. Сондықтан осы санаттағы адамдарды қауіпсіз вакциналауға кірісуге дайынбыз», — деді басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Вакцина егу кабинеттеріне арнайы термоконтейнерлермен жеткізіледі. Әрбір егу пункті ұйымға тіркелген халықты ескере отырып, дозаны аз мөлшерде алатын болады.
Сондай-ақ, Әлия Рүстемова жеткізілген дозалар тек 16-дан 37 аптаға дейінгі жүкті әйелдерді, бала емізетін аналар мен лактация кезеңіндегі әйелдерді, сондай-ақ 12-17 жас аралығындағы балаларды вакциналауға арналатынын айтып өтті.
«Қала тұрғындарының басым бөлігі Pfizer-дің келуін күтті. Бірақ бұл вакцинамен бәрін егу мүмкін емес. Тек халықтың тиісті бөлігіне ғана арналады», — деді Рүстемова.