БҰҰ Бас хатшысы Ауғанстандағы жарылыстарға қатысты алаңдаушылық білдірді

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ауғанстан аумағындағы жарылыстарға байланысты алаңдаушылық білдірді. Антониу Гутерриш 17 тамызда Кабулдағы мешітке жасалған шабуылды айыптады

Естеріңізге сала кетейік! Осы айда Ауғанстанда жарылыстан 250-ден астам адам қаза тапты немесе жарақат алды.

Бұл туралы бейсенбі күні БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фархан Хактың мәлімдемесінде айтылды.

«БҰҰ Бас хатшысы Ауғанстанда 250-ден астам адам, оның ішінде балалар қаза тапқан және жарақат алуына себеп болған бірқатар жарылыстарға қатты алаңдаушылық білдіреді», — делінген мәтінде.

Мәлімдемеде БҰҰ Бас хатшысы 17 тамызда Кабулда мешітке жасалған шабуылды қатаң айыптайтыны айтылған. Ол қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алғандарға тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Сәрсенбі күні Al Jazeera телеарнасы Ауғанстанның күш құрылымдарындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, сәрсенбі күні Кабулдың солтүстік-шығысындағы мешітте болған жарылыстан кем дегенде 20 адам қаза тапты, тағы 40 адам жарақат алды.

Соңғы айларда елордалық аймақ пен Ауғанстанның бірқатар провинцияларында бірнеше жарылыс, қарулы шабуыл мен атыстар болды, салдарынан елдегі билікті басып алған «Талибан» қозғалысының жақтаушылары мен бейбіт тұрғындар құрбан болды. «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының тармағы болып табылатын «Хорасандағы Ислам мемлекеті» тобының содырлары жарылыстардың басым бөлігіне жауапкершілікті өз мойнына алды.

Добавить комментарий