БҰҰ ауғандықтарды отанына депортацияламауға шақырады

2021 жылдың басынан бері 550 мыңнан астам ауған азаматы босқын мәртебесін алды.

БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы (БҰҰ БЖКБ) әлем елдеріне үндеу жасап, Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға байланысты ауған азаматтарын отанына күштеп қайтаруға тыйым салуға шақырды, деп хабарлайды «Интерфакс».

«Елдің көптеген аумағында қауіпсіздік саласы күрт нашарлап, адам құқықтары бұзылғанына және қалыптасқан төтенше гуманитарлық ахуалға байланысты БҰҰ БЖКБ әлем елдерін осыған дейін халықаралық қорғауға мұқтаж болмаған ауған азаматтарын күштеп репатриацияламауға шақырады», — деді журналистерге Женевада БҰҰ БЖКБ өкілі Шабия Манту

Бұл ретте ол Еуропаның кейбір елдері осындай шара қабылдағанын айтты.

Сонымен қатар, 2021 жылдың басынан бері, Кабулда хаос орын алғанға дейін, 550 мыңнан астам ауған азаматы босқын атануға мәжбүр болғанын айтты.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының өкілі Руперт Колвил «Талибан» қозғалысын инклюзивті үкімет құру және әйелдердің құқықтарын қорғау туралы уәделерін орындауға шақырды. Олар уәдесінде тұрса да, халықаралық қауымдастық жіті қадағалайтынын атап өтті.

БҰҰ Балалар қорының мәліметінше, Ауғанстанда 18 млн-нан астам адам, соның ішінде шамамен 10 млн бала бар, олар гуманитарлық көмекке мұқтаж, ал биыл бес жасқа дейінгі балалардың жартысы тоя тамақтанбауы мүмкін.

Добавить комментарий