ҚР СІМ Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Орталық Азия + Ресей» форматындағы сыртқы саяси ведомстволар басшыларының үшінші отырысына қатысты деп хабарлайды.
Алаң COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеруде, сондай-ақ әлемдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемалардың өзектенуі тұрғысынан тараптардың күш-жігерін шоғырландыру үшін ерекше маңызға ие болады. Онлайн-кездесуге қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей арасындағы ынтымақтастық ғасырлық достық, өзара құрмет және сенім дәстүрлеріне сәйкес, сондай-ақ Еуразия өңіріндегі жасампаздық процестерді ескере отырып дамып келе жатқанын атап өтті. Диалог ортақ мүдделерге жауап береді және өңірдегі экономикалық өсім мен қауіпсіздіктің маңызды факторы болып табылады.
Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайту және тұрақты өсімді қамтамасыз ету мақсатында ұзақ мерзімді көпжоспарлы өзара іс-қимылды кеңейту, мемлекетаралық байланыстарды тереңдету мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Сауда-экономикалық және энергетикалық өзара іс-қимыл, «Орталық Азия және Ресей» форматындағы елдердің көлік-транзит саласындағы маңызды бастамаларын іске асыру перспективалары, сондай-ақ азаматтардың ұтқырлығы мен еуразиялық өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мәселелері қаралды. Орталық Азия елдеріндегі денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау жүйелерінің алдында тұрған қазіргі заманғы сын-қатерлер де талқыланды.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Министрлер сыртқы саяси ведомстволардың күш-жігерін өзара іс-қимылдың стратегиялық маңызды бағыттарына шоғырландыруға, экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Ресей мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.