
Сенатор Мұрат Бахтиярұлы Білім және ғылым министрлігін екі түрлі ведомствоға бөлуді ұсынғаны белгілі болды. Депутаттың пікірінше, Білім және ғылым министрлігіне үлкен жүктеме жүктелген.
“Білім және ғылым министрлігі балабақшадан бастап жоғары оқу орнынан кейінгі үздіксіз білім беру жүйесінің барлық мәселесімен айналысады. Бұл өте үлкен жүктеме. Бұл мәселе ел халқының жартысын қамтиды. Мұндай жүктеме басқа ешбір министрлікте жоқ. Сондықтан, менің ойымша, Білім және ғылым министрлігінің базасында екі министрлік құратын уақыт келді: Білім министрлігі мен Жоғары білім және ғылым министрлігі штат санын көбейтпей-ақ жұмыс істейді”, – деп ұсынды Мұрат Бахтиярұлы Сенат отырысында.
Сонымен қатар, депутат көптеген елдерде оқушылар мен студенттер оқу орындарында дәстүрлі форматта білім алатынын атап өтті.
“Байқоңыр қаласында ресейлік жеті мектептің барлық сынып оқушылары толыққанды дәстүрлі түрде оқиды, ал қазақстандық мектеп оқушылары қашықтықтан оқиды. Мұны қалай түсінуге болады? Екі тоқсан бойы жарытып білім алмаған балалардың, әсіресе ауылдық мектептердегі оқушылардың білімін қалпына келтіру қиын болатыны анық, ал білім сапасы бірнеше жылға шегеріледі. Сондықтан да еліміздегі барлық ауылдар мен аудандардағы мектептерде оқушыларды дәстүрлі оқытуға шығаруымыз керек”, – деді депутат.
Сондай-ақ, Бахтиярұлы жоғары оқу орындарының ректорлары үшін нақты жұмыс мерзімін белгілеуді ұсынды.
“Елімізде ондаған жылдар бойы ректор болып жұмыс істейтін адамдар бар. Мен мұны нарық заманына сай емес деп ойламаймын. Бізге ректорларды кемінде, төрт жылға тағайындап, екі мерзімнен артық қызмет атқара алмайтындай қағидат енгізу керек. Менің ойымша, қамқоршылар кеңесі негізінде барлық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша мамандар даярлайтын аймақтық университетті басқару арқылы ұлттық университеттерді орталықсыздандыру тиімді”, – деп толықтырды сенатор.
Ұсыныс шын мәнінде қажет пе, әлде депутаттар үшін кезекті лауазымдарды құру үшін айтылған ба, әзірге ресми түрде түсініктеме берілген жоқ.