Қазақстанның Басмүфтиі терроризм бабы бойынша сотталғандармен кездесті

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде «Жусан» операциясы бойынша елге оралған және терроризм бабы бойынша сотталғандармен кездесті.

Сотталғандармен кездесу ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «КА-168/1» мекемесінде өтті.

«Әрбір адам баласы қашан да жақсылықты үміт етеді. Пенде өзінің үміті арқылы түрлі белестерден қиналмай өтіп, биік шыңдарға шығып, көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Қателік жасау – о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Пенде «мен қателік жасадым, енді болашағым бұлыңғыр» деп үмітсіздікке салынбау керек. Керісінше, келешегі жақсы болатынына үміт артып, жақсылығын күту қажет. Халқымыз «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйрін тапқан соң» дейді. Сондықтан сіздерді қоғамға сіңісіп, елге қызмет етуге, Діни басқарманың бекіткен пәтуаларына бойсұнуға, имамдардың уағыз-насихатын тыңдауға және соған амал етуге шақырамын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу барысында жазасын өтеушілер Бас мүфтиге көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Сонымен қатар, ҚМДБ Төрағасы жеке кездесу барысында да жазасын өтеуші жандардың жеке сұрақтарына жауап берді.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясы аясында қазақстандықтарды Сирия мен Ирактан қайтару бойынша 5 арнайы операция өткізді.

Әскерилер елге қайтарған адамдардың кейбірі «террористік топқа қатысы бар», «Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығысқа қатысқан», «терроризмді насихаттау және қаржыландырды» деген айыптармен қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ресми мәлімет бойынша, Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракта 800-ге жуық Қазақстан азаматы болған. Олардың көпшілігі — балалар. ҰҚК мәліметінше, барлығы 600 адам эвакуацияланды, оның ішінде 413 бала, оның 34-і жетім.

Добавить комментарий