Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі БҰҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришке сенім грамоталарын табыс етті. Тапсыру рәсімі Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтті, деп хабарлады СІМ.

Әңгіме барысында Бас хатшы Ұйымның күн тәртібіндегі барлық аспектілер бойынша Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Ол Қазақстан халықаралық ұйымның аса маңызды әрі сенімді серіктесі, көпжақты дипломатияның берік жақтаушысы, түрлі діндер мен мәдениеттерді өзара құрметтеу дәстүрімен танымал, сондай-ақ елдер арасындағы тұрақты медиатор және көпір екенін баса айтты.

«Елдің жаһандық қарусыздану және басқа да салалардағы көшбасшылығы ерекше маңызды болып қала береді, ал Орталық Азиядағы рөліңіз және БҰҰ құндылықтарына адалдығыңыз жан-жақты мойындалады», — деп мәлімдеді А. Гутерриш.

БҰҰ Бас хатшысы сонымен қатар оның бірнеше рет Қазақстанда болғанын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы тілектерін жолдады. Өз кезегінде М. Ілиясов А. Гутерришке Қазақстан басшылығы атынан ізгі тілектерін білдіріп, әріптестікті одан әрі нығайту шеңберінде БҰҰ-дағы жұмыстың басымдықтары туралы хабардар етті.

Ядролық қаруды жаһандық таратпауды нығайту, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі міндеттері, Президент Қ. Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының жалпы саяси дебатында айтқан бастамалары, оның ішінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру және Даму мақсатында еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау атап өтілді.

Тұрақты өкіл сонымен бірге Қазақстанның 2020-2021 жылдары теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобында жаһандық төрағалығы шеңберінде топтың мүдделерін белсенді ілгерілетуге ниетті екендігіне сендірді. БҰҰ Бас хатшысына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы Ұлыбританияда «FIRST» баспасы шығарған Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманның «Ұлт атасы: Әлем адамы. Көшбасшылық тарихы» кітабы табыс етілді.

Добавить комментарий