Қазақстанның қай өңірлерінде азық-түлік бағасы едәуір қымбаттады

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда азық-түлік бағасы күннен күнге қымбаттап бара жатқанын айтты.

Ол сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ең көп және ең аз өсімі тіркелген облыстарды атады.

«Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының ең жоғары өсімі Түркістан облысында — 9,4 пайыз, Нұр-Сұлтан қаласында — 8,5 пайыз және Алматы қаласында — 6,0 пайыз тіркелді.

Бағаның ең төмен өсімі Батыс Қазақстан облысында — 5,7 пайыз, Ақмола облысында — 5,6 пайыз және Қарағанды облысында — 5,2 пайыз байқалады», — деді ол Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 6,3 пайызға өсті, оның ішінде өсімнің 84 пайызы алты тауар позициясын құрады. Бұл маусымаралық кезеңде бағаның өсімі байқалатын көкөністер, сондай-ақ импортқа тәуелді өнімдер (қант, қарақұмық жармасы) және экспорттық сұранысы жоғары тауарлар (күнбағыс майы). Жылдық мәнде бағаның өсуі 11,8 пайыз болды.

Оның айтуынша, азық-түлікт бағасының өсуі бүкіл әлемде байқалады. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметіне сәйкес, биыл мамыр айында баға өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,7 пайызға өскен. Осылайша, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды.

Добавить комментарий