Қазақстаннан БАӘ және Түркияға рейстер саны артты

Қазақстанда БАӘ-мен және Түркияға рейстер санын көбейтті. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия рейстер санын ұлғайту туралы шешімді қабылдады.

«SCAT әуе компаниясына Рас-эль-Хайм қаласына (БАӘ) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды қалаларынан аптасына сегіз рейс орындауға рұқсат етіледі және жолаушыларды COVID-19-дың теріс нәтижесі бар ПЦР-тестімен 100% қамтамасыз ету керек», — делінген АВК-ның хабарламасында.

Бұдан басқа, түрік авиатасымалдаушыларына Алматы мен Анталия арасында екі қосымша рейс орындауға рұқсат етілді.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниялар сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптадан бастап Қазақстанда Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Мальдив және Украинамен тұрақты халықаралық рейстер саны ұлғайтылды.

Добавить комментарий