Медициналық экспериментке қатысқан қазақстандықтарға 200 мың теңге төленеді. Әңгіме коронавирустық инфекцияға қарсы екінші отандық вакцинаны сынау туралы болып отыр.
Коронавирусқа қарсы жаңа QazCoVac-P вакцинасын сынауға ерікті болып қатысан Тараз қаласының 44 тұрғыны 200 мың теңгеден алады, деп хабарлайды КТК.
QazCoVac-P — қазақстандық ғалымдар әзірлеген екінші препарат. Зерттеушілер оны тышқан мен маймылдарға салып көрді. Келесі кезеңде вакцина адамдарға сыналуы керек.
18-50 жас аралығындағы дені сау қазақстандықтар ерікті бола алады. Сынақтарға 44 адам іріктеліп алынады, бірақ препарат олардың 22-сіне салынады, ал қалғаны плацебо алады.
Дегенмен, 200 мың теңгелік сыйақы бәріне беріледі. Егер бәрі сәтті өтсе, сынақтың екінші фазасы басталады, оған 200 ерікті қатысады. Осы фаза кезінде ғалымдар QazCoVac-P вакцинасының иммуногендігі мен қауіпсіздігін зерттейді.
Ғалымдар адамдарға сыналғанда жағымсыз нәтиже болуы мүмкін екенін жасырмайды. Бірақ жақсы нәтижеге үміттеніп отыр. «Біріншісі инактивтелген вакцина болды, ол жерде біз тірі вируспен жұмыс істейміз. Ал бұл жағдайда біздің институт қызметкерлері әзірлеген коронавирусқа қарсы суббірлікті вакцинаның екінші фазасы басталады және мұнда тірі вирус жоқ. Бұл жағдайда тірі вирус қолданылмайтын суббірлікті вакцина. Бұл вакцина жұмсағырақ болады деген үміттенеміз «, — деп түсіндірді биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас ғылыми қызметкері Берік Хайруллин.
Естеріңізге сала кетейік, коронавирусқа қарсы екінші қазақстандық вакцинаны сынау 15 маусымда басталды. Зерттеу жұмыстары Тараз қаласындағы көпсалалы қалалық ауруханада жүргізіліп жатыр.
Екінші отандық QazCoVac-P вакцинасы SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өтіп, өзінің қауіпсіздігін көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда QazCovid-in немесе QazVac деп аталатын вакцина шығарылып, қолдануға рұқсат етілді.
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ ресми сайтында хабарланғандай, қазір препарат үш мың еріктіге салынып, клиникалық сынақтың соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Бұдан басқа, қазақстандықтарға тағы да үш вакцина: ресейлік «Спутник V», қытайлық CoronaVac және БАӘ-де өндірілетін қытайлық Hayat-Vax вакциналар қолжетімді.