Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы әлемнің 14 елімен әуе қатынасын қалпына келтіргенін хабарлады.
Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев мәлім етті, деп хабарлайды «Қазинформ» агенттігі
«Өкінішке қарай азаматтық авиация пандемияға байланысты ең көп зардап шеккен салалардың бірі болды. Бірақ осы жылдың басынан бері ұшулар қалпына келіп, негізгі көрсеткіштерде аздаған өсім байқалып отыр. Жыл басынан бері рейстер саны 47 пайызға жетіп, 2,5 млн адамды қамтыды. Әуежайдың қызмет көрсететін жолаушылар саны 39 пайызға немесе 4,6 млн адамға артты. Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойныша ішкі рейстер толық жанданды», — деді Талғат Ластаев әуежайдың 90 жылдығына арналған Авиаторлар аллеясының ашылу салтанатында.
Оның айтуынша, халықаралық рейстерге келетін болсақ, 14 елмен байланыс бар.
«Оның ішінде Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Укарина, Германия, Грузия, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Египет, Нидарланд және Черногория бар. Бүгінгі таңда комиссия қосымша шешім шығарды. Түркия бағытында Анталияға баратын рейсті көбейтеміз. Сондай-ақ, Украина мен Тәжікстанға қатынайтын рейстерді көбейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деп атап өтті спикер.