Мысырда жүрген қазақстандық туристер 23 репатриация рейсімен елге қайтарылады.
Бұл туралы Қазақстанның туроператорлар қауымдастығы хабарлады:
Африка құрлығында Covid-19 коронавирусының «омикрон» деп аталатын жаңа штаммының таралуына байланысты Қазақстан үкіметі Египетпен әуе қатынасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.
«Қазір Мысырда 4000-ға жуық турист бар. Олардың барлығы жақын күндері «Эйр Астана» әуе компаниясының 23 репатриациялық рейсімен Қазақстанға қайтарылады. Мысырда жүрген азаматтарды алаңдамауларын өтінеміз және барлық санитарлық шараларды сақтауын сұраймыз», — деп хабарлады ұйымдағылар.
Мысырға жаңа жылдық турлар сатып алған туристер бағытын өзгертіп, әуе қатынасы ашылғанға дейін қаражатын депозитке салуға немесе ақшаларын қайтарып ала алады (3 ай ішінде қайтарылады).