Қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге берешегі 17 млрд теңгені құрайды

Үкімет отырысында коммуналдық қызметтердің күзгі-қысқы кезеңге дайындығы талқыланды. Маңызды мәселелердің бірі ретінде Қазақстан бойынша қалыптасқан 17 млрд теңге қарызы аталды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында жылыту маусымына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы энергетика министрі Н. Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму — Б. Атамқұлов, білім және ғылым — А. Аймағамбетов, денсаулық сақтау — А. Цой, Батыс Қазақстан облысының әкімдері Г. Ысқалиев, Қарағанды облысы — Ж. Қасымбек, Ақмола облысы — Е. Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласы — А. Көлгінов, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр баяндады.

Өңірлер 10662 дербес қазандық немесе 98,6%, 46561 тұрғын үй (97%) дайындады. 5024 км жылу желілері (99,1%), 14089 км сумен жабдықтау желілері (99,1%) жөнделді. Жылыту маусымына 11158 (99,6%) білім беру және 5963 (99,2%) денсаулық сақтау нысандары дайындалды. Көмір өндіруші компаниялар 69 млн тонна көмір өндірді.

Коммуналдық қызмет үшін тұтынушылардың берешегі 17 млрд теңгені құрайды. Ең көп дебиторлық берешек Алматыда — 4,5 млрд, Нұр-Сұлтанда — 1,95 млрд, Шымкентте — 2,5 млрд және Маңғыстау облысында — 1,4 млрд тг сақталуда.

Ауа райына байланысты көптеген өңірлерде жылу беру маусымы уақытынан ерте басталды. Жалпы, өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік сала және жылу көздері нысандарын жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыстар жүргізді, — деді А. Мамин.

Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау жөніндегі жоспарларды 100% орындады.

Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы автономды қазандықтары үшін көмір дайындау бойынша жоспарлы көрсеткіштер аяқталды.

Батыс Қазақстан облысындағы тұрғын үйлердің дайындық кестесінен артта қалу фактілері бар (61,7%). Коммуналдық қажеттіліктер мен халық үшін отын дайындаудың жеткіліксіз деңгейі Ақмола (48% коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін және 61% халық үшін), Ақтөбе (90,3% және 51%), Қарағанды (83% және 53%), Солтүстік Қазақстан (80% және 70%), Павлодар (халық үшін 67%) облыстарында және астанада (халық үшін тек 40%) байқалады.

Үкімет басшысы әкімдерге белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын, қажетті көлемде отын жеткізуді аяқтауды, сондай-ақ энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдармен бірлесіп қысқа мерзімде жылыту маусымына дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Бізде жеткілікті мөлшерде өндірілетін көмір бар, сондықтан көмірмен байланысты проблемалар болмауы тиіс, — деді А. Мамин.

Премьер-Министр әкімдерге екі апта мерзімде көмірді дайындау және сату пункттері инфрақұрылымының ағымдағы жағдайын, жеткізу кестесін, бағаның негізділігін және өткізілетін көмірдің сапасын тексеруді, ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан Темір Жолы» ҰК «АҚ-мен бірлесіп көмірді жеткізу үшін қажетті көлемде вагондарды қамтамасыз етуді тапсырды.

Өңірлерде жеткізілген газ бен көмір үшін кәсіпорындардың, сондай-ақ коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың қолда бар дебиторлық қарыздарын өтеу жөніндегі жұмысты күшейту қажет, — деп атап өтті Премьер-Министр.

А. Мамин энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне әкімдіктердің барлық нысандарды жылыту кезеңіне дайындау жұмыстарын аяқтау барысына пәрменді бақылау мен мониторингті қамтамасыз етуді тапсырды.

Добавить комментарий