Қазақстандықтар Түркиядан Газиантеп әуежайынан ұшып шыға алады

Түркиядан отанына оралғысы келетін қазақстандықтар Газиантеп әуежайынан ұшып шыға алады.

«Құрметті Қазақстан азаматтары! 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығыс аумағында орын алған жер сілкінісіне байланысты 7 ақпанда Газиантеп қаласынан Қазақстан азаматарын алып кету шаралары жүргізілуде. Осы ретте, Қазақстанға қайтамын деген ҚР азаматтары болған жағдайда, 7 ақпанда сағат 12:00-де Газиантеп қаласының әуежайында тиісті процедуралардан өтіп (паспорт бақылауы, қауіпсіздік тексеріс және т.б), дайын болуы тиіс. Сонымен қатар, азаматтардың тізімін жасау үшін міндетті түрде төменде көрсетілген байланыстарға хабарласуларыңызды сұраймыз: 1. +90 538 880 70 41 — консул Темірлан Саулауұлы; 2, +90 312 491 91 00 — кезекші комендант», — деп хабарлады Қазақстанның Түркиядағы елшілігі сейсенбі күні.

Еске сала кетейік, 6 ақпанға қараған түні Түркияда магнитудасы 7,4 балдық жойқын жер сілкінісі орын алған болатын. Елде ең жоғары дабыл деңгейі жарияланды. Оның үстіне, түстен кейін тағы бір — 7,8 магнитудалы алапат жер сілкінісі болды.

Қазақстан СІМ жер сілкінісінен зардап шеккен Түркиядағы қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген адамның қаза тапқанына байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтып, үкіметке қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлерді Түркия Республикасына көмекке жіберуді тапсырды. Кейінірек Тоқаев Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. 7 ақпан күні таңертең қазақстандық дәрігерлер мен құтқарушылармен Түркияның Газиантеп қаласына аттанды.

 

Добавить комментарий