Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде қазақстандықтарға жеке тұлғалар алған ипотекалық несиені қайта қаржыландыру бағдарламасын пайдалану мүмкіндігін тағы да еске салды.
Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2004 жылдан 2009 жылға дейінгі кезеңде берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Бағдарламаның бірінші бөлігін жүзеге асыруға 130 млрд теңге бөлінді. Қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы ставкасы жылдық 3% -дан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Ағымдағы жылдың 1 тамызына бағдарламаның бірінші бөлігі аясында 175,7 млрд теңге сомасына 28,2 мың қарыз алушыға көмек көрсетілді. Банктер бөлген қаражат толық көлемде игерілді және айналым механизмін ескере отырып проблемалы қарыз алушылардың қайта қаржыландырылған қарыздарының саны шамамен 40 мыңды құрайды.
Валюталық бағамдардың ауытқуына тәуелділікті болдырмау және валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында 2018 жылғы 27 наурыздан бастап жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын теңгемен қайта қаржыландыруды көздейтін бағдарламаның екінші бөлігі Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (бір доллар үшін 188,35 теңге) іске асырылады. Бағамдық айырмашылықты өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінді.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы (ХӘОТ) үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы ставкасы жылдық 3%, өзге қарыз алушылар үшін — 12% мөлшерінде белгіленеді (егер қолданыстағы қарыз бойынша ставка көрсетілген мәндерден төмен болса, онда ставка ұлғайтуға жатпайды). 1 тамызда банктер валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 83 млрд теңге сомасына 9,2 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 69,6 млрд теңге сомасына 7,8 мың қарыз қайта қаржыландырылды.
Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Агенттік хабарлағандай, ағымдағы жылдың соңына дейін бағдарлама шарттарына сәйкес келетін 5,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастау және азаматтардың валюталық ипотекалық қарыздарын айырбастау жөніндегі жұмысты аяқтау жоспарлануда. Бағдарламаның үшінші бөлігі ағымдағы жылдың басынан бастап іске асырылуда және бұрын қарыздары ХӘОТ санаты бойынша бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларды, сондай-ақ ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебінен жалғыз тұрғын үйі банктердің балансына өткен азаматтарды қолдауға бағытталған. Банктерге ХӘОТ жататын қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту, ай сайынғы төлемі 20 000 теңгеден бастап және қарыз алушының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейін сақтай отырып, жеңілдікті кестелерді белгілеу түрінде борыштық жүктемені жеңілдетудің қосымша механизмдерін жеке тәртіппен қолдануға құқық берілді. Банк балансындағы жалғыз тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған кейіннен сатып алу мүмкіндігімен тұрғын үйді жалға беру құқығы беріледі. Банктердің шығындарын өтеу үшін Ұлттық Банк 44,6 млрд теңге бөлді, Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін белгіленген.