Қазақстандық желі қолданушыларына WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болғанын ескертті. Алаяқ жеке суреттеріне өтетін сілтемені мессенджерге жібереді, сілтемеге өткен соң желі қолданушысының төлем деректеріне толық қол жеткізе алады.
KZ-CERT компьютерлік шабуылдарға әрекет ету қызметінің хабарлауынша, алаяқтықтың мұндай тәсілі қолданылуы мүмкін, себебі қаскүнемдер жіберген сілтеме зиянды бағдарламалық қамтамасыз етуді қамтуы немесе фишингтік сайтқа апаруы мүмкін.
«Егер сізге сілтемесі бар ақпарат келсе, онда оны тексеру үшін https://t.me/kzcert чатына жіберіңіз. Қызметкерлеріміз тексеріп, жауабын айтады. Біз 24/7 жұмыс істейміз«, — деп хабарлады KZ-CERT компьютерлік шабуылдарға әрекет ету қызметі.
Сондай-ақ, таратылымда ұялы байланыс компанияларының менеджерлерінің қоңыраулары туралы да ескертіледі. Алаяқтар мобильді банкингке кіру үшін парольдерді алуға мүмкіндік беретін сандар мен белгілер жиынтығын телефонда теруді сұрайды.
Beeline компаниясының PR-қызметі техникалық жағынан мұндай схеманың жұмыс істей алмайтынын түсіндірді.
«Телефон арқылы сөйлесу және кейбір сандарды енгізу арқылы банкингтен құпия сөздерді анықтау техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Алаяқтар манипуляция арқылы қаражатты иемдену үшін несие картасының кодын айтуға көндіруі мүмкін. Белгілі бір сандар жиынтығы мен символдарды теру арқылы сим-картаны, мобильді банкингті иемдене алмайды. Клиенттер барынша абай болып, алаяқтардан арандатуына сеніп қалмау керек. Ұялы байланыс операторларының қызметкерлері абоненттерге ешқашан қоңырау шалмайды және сандар мен символдар комбинациясын теруді сұрамайды», — деп хабарлады компанияда.
Дегенмен, мамандар хабарламаға немесе сізге таныс емес қоңырау шалғандардың өтініші бойынша ешқандай деректер енгізбеуге кеңес береді.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай алаяқтық схемасы туралы бұрын басқа елдерде хабарланған болатын. Ол туралы алғаш рет 2017 жылы желіде Мәскеу тұрғындары жазған.