Қазақстандық құтқарушылар елде үш мыңнан астам адамның өмірін қиған жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға ұшып келді.
«Қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына қонды. Келесі кезең жеке құрамды, техника мен жабдықты түсіру, сондай-ақ жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимыл жасау болады. Құтқарушыларға іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаске бекітіледі деп күтілуде», — деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
ТЖМ құтқарушыларының иелігінде құтқарушы құрал-жабдықтары: гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, перфораторлар, жарықтандыру құралдары, палаткалар, спутниктік терминал, каркасты модуль, автотехника бар.
Бұған дейін Қазақстан өз құтқарушыларын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға жіберген болатын. Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар.
Тиісті тапсырманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді.