Қазақстандық үш ЖОО аккредитациядан айырылды

Білім министрлігі үш қазақстандық ЖОО өз ғимарат аумағына кіргізбегені үшін аккредитациясын қайтарып алғанын айтты… Жоқ, мемлекеттік тексерушілер емес, тәуелсіз сарапшыларды.

Қазақстандық аккредиттеу агенттіктері Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті (бұрынғы Қазақстан теңіз университеті) және «Астана» университетінің аккредиттеу туралы куәліктерін кері қайтарып алды, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

«Білім туралы» Заңға сәйкес лицензиясыз және аккредитациясыз жоғары оқу орындары диплом бере алмайды.

Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті мен «Астана» университетіне қабылдаған шешімі туралы ресми хат жіберді.

«Біздің ұйым оқу орындарының білім беру бағдарламаларын сараптап, сапа стандарттарына сәйкестігін анықтауға және оларға аккредитация беру жұмыстарына жауапты. Аталған екі жоғары оқу орны біздің сарапшыларымызды оқу ғимараттарына кіргізбей, аккредиттеуден кейін жүргізілетін мониторинг жұмыстарына кедергі жасады. Сондықтан біз олардың аккредитацияларын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдадық», – деді «Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы» коммерциялық емес ұйымның директоры Бегалы Халмұратов.

Бұл ЖОО осыған дейін БҒМ-нің өкілдеріне жоспарлы тексерулерін жүргізуге кедергі келтірген, олар тексеру болатыны туралы алдын ала хабардар болған. Сот талқылаулары жүргізіліп жатқанына бір жарым жыл болды.

Сондай-ақ, Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі де Орталық Азия университетінің аккредитациясын кері қайтарып алды.

«Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (IAAR) рәсімдеріне сәйкес білім беру ұйымдары аккредиттеуден кейінгі мониторингтен өтуі тиіс. Бұл мониторинг кезінде оқу орнына берілген ұсынымдардың орындалуы тексеріледі. Орталық Азия университеті аккредиттеуден кейінгі мониторинг рәсімінен өтуден бас тартты және IAAR ұсынымдарының орындалуы туралы есепті бермеді. Осыған сәйкес IAAR Аккредиттеу Кеңесі жоғары оқу орнының аккредиттеу туралы куәлігін қайтарып алу туралы шешім қабылдады» – деді ұйымның бас директоры Алина Жұмағұлова.

Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов жұмыс берушілер бұл жоғары оқу орындарының білім сапасына қанағаттанбайтынын атап өтті. Оқу орнында болашақ мамандарға білім мен кәсіби дағдылар қажетті деңгейде берілмейді.

«Бұл университетке қатысты біраз дүниені айтуға болады. Мысалы, жоғары оқу орындары бойынша жасалған 2020 жылғы рейтинг қорытындысын алып қарайық. Орталық Азия университетінің білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігіне жұмыс берушілердің қанағаттану көрсеткіші небәрі 32 пайызды құрайды. Сарапшылар жоғары оқу орны ұсынып отырған білім беру бағдарламалары айтарлықтай пысықтауды талап ететінін атап өтті. Университетте оқытылатын пәндердің мазмұны басқа пәндерден сөзбе-сөз көшірілген, айырмашылық тек пән атауларында. Мұндайға жол беруге болмайды. Орталық Азия университетіне қатысты қатаң шаралар қабылдау қажет», – деді Азамат Бейсенбенов.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова осыған дейін жүргізілген тексерулер нәтижесінде бұл оқу орындарында білім беру саласындағы заңнама нормаларының бірқатар бұзушылықтары анықталғанын атап өтті.

«Өткен жылы түлектері дипломдарын уақытылы ала алмай қиналған еді. Салдарынан магистратураға оқуға түсу немесе жұмысқа тұруға байланысты қиындықтарға тап болды. Өкінішке орай, бұл жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып жатқан студенттер бұл жағдайдан сабақ алмады. Биыл да кадрларды дайындау сапасына қатысты сол мәселелер көтеріліп жатыр. Енді бұл оқу орындары бұған дейін жүргізген тексерулеріміздің нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылдауымызға кедергі келтіріп, түрлі амалдарымен уақытты созып жатыр», — деп атап өтті Гүлзат Көбенова, студенттердің өздері кінәлі екенін, дипломдар алмайтынын мәлімдеді.

Добавить комментарий