Қазақстандық оқушылар Олимпиадада 26 медаль жеңіп алды

Қазақстандық оқушылар 2021 жылы халықаралық жарыстарда 26 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 13 күміс және 11 қола бар.

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

БҒМ басшысы Халықаралық Олимпиада жүлдегерлерімен бейресми кездесу өткізді.

Кездесуге қатысқан балалар жеңіске жету жолындағы қызықты оқиғаларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты, сонымен қатар сұрақтарына жауаптар алды. Оқушылармен және жаттықтырушылармен олимпиадалық қозғалысты алдағы уақытта одан әрі дамыту бағыттарын талқыладық, — деп хабарлады министр Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, биыл олимпиаданың республикалық кезеңі жаңа электрондық форматта өтті. Сондай-ақ академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында жаңа шаралар қабылданды. Жаттықтырушылар мен мектеп оқушылары осы бағыттағы жұмысты күшейту бойынша қосымша шаралар ұсынды.

Дарынды балаларды қолдау мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай министрлік бұл бағытта жүйелі және кешенді шешімдер әзірлеп жатыр. Кездесу соңында Олимпиада жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен бірге біз жаттықтырушылардың еңбегін де атап өттік. Бұған дейін менің атымнан 3 мың дарынды баланың ата-аналарына Алғыс хаттар жіберілген болатын, — деді Аймағамбетов.

Ол олимпиада қатысушыларының мұғалімдеріне, ата-аналары мен жаттықтырушыларына тағы да алғыс айтты.

Сіздердің мұндай нәтижелерге қол жеткізуде еңбектеріңіз орасан зор. Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың биік белестерді одан әрі бағындырып, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты деңгейде танытуларына жағдай жасауды жалғастыратынын атап өткім келеді, — деп түйіндеді ол.

Добавить комментарий