Түрік кәсіпкерлері қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын береді.
Тиісті уағдаластыққа Шымкентте өткен «Қазақстан Республикасындағы мақта шаруашылығын дамыту перспективалары» бизнес-форумында қол жеткізілді, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Түркия Республикасынан шақырылған қонақтар — «PROgen» компаниясы отандық өсімдік өсірушілерге бөліп төлеу шартымен сатылатын аурулар мен зиянкестерге төзімді мақтаның жаңа сорттарын таныстырды. «Түркістан» ӘКК тұқым сатып алуға қажетті қарыз сомасын жыл соңына дейінгі мерзімде беруге дайын.
Бұған дейін Қазақстан мен Түркия арасында тұқым шаруашылығын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын.
«Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін, оның ішінде тұрмыстық тауарлар мен мақтаны қайта өңдеу өнімдерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бірінші кезеңде ұлттық компаниялар 70% дейін отандық мақта өнімдерін төсек-орын, сүлгілер және т.б. сатып алуы тиіс. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде жергілікті қамту үлесін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», — деп атап өтті вице-министр.
Айта кетейік, бизнес-форум қорытындысы бойынша Түркия Республикасының Шығыс Жерорта теңізі ауыл шаруашылығы зерттеулер институты мен «Мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы АШТС» ЖШС арасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, мақтаның жаңа сорттарын шығару бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі селекция және тұқым шаруашылығы саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеуде.