Қазақстанда жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі

Қазақстанда мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі.

Мұндай норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған. Сенат құжатты 23 қыркүйекте өткен жалпы отырыста қабылдады.

Мүгедектік себебіне қарамастан, бірінші топтағы адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы енгізу қарастырылған.

«Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заңды қабылдау нәтижесінде бөгде адамның күтіміне мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады», — деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер.

Фото: Сенат халықты әлеуметтік қорғауды реттейтін заңға түзету енгізді

Заң мүгедектік топтары бойынша бөлуді көздейді

Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады.

Сондай-ақ, Заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді.

«Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», — деп есептейді министрліктегілер.

Сондай-ақ, ата-анасының біреуі немесе екеуі қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады.

Құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін олардың тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

Жалпы, заң шамамен 400 мың қазақстандықтың құқықтарын жақсартуға мүмкіндік береді. Оны жүзеге асыруға 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттен 55 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Добавить комментарий