Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің бас бөлігі әйелдер

Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің 54%-ы әйелдер екенін мәлімдеді.

«Ғалымдарымыздың жартысынан астамы, яғни 54%-ы әйелдер. Докторантурада оқитын қыздар оқуларын көбінесе диссертация қорғаумен аяқтайды. Мысалы, 2020 жылы диссертация қорғаған түлектердің 67,5%-ы қыздар болды», — деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы (ЭЫДҰ) елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы білім беру жүйесі анағұрлым феминизацияланған (TALIS-2018) 80% жуық.

«ЭЫДҰ сарапшыларының айтуынша, көптеген елде әйел мұғалімдер ер мұғалімдерге қарағанда мамандық таңдауды саналы түрде жасаған. Мысалы, қазақстандық әйел мұғалімдердің 76%-ы болашақ мамандықты таңдаған кезде педагог мамандығына басымдық берілгенін айтқан. Сондай-ақ қыздар оқу сауаттылығы (27 ұпайға) және жаратылыстану сауаттылығы бойынша (7 ұпайға) ұлдардан озып шықты. Сонымен бірге ұлдар математикадан мықты деген стереотипті «бұзды». PISA-2018 ұлдардың да, қыздардың да білімі бір деңгейде екенін көрсетті», — деді министр.

Добавить комментарий