Қазақстандағы мұнай өнімдерінің тапшылығының себебі анықталды

«ҚазМұнайГаз» басшысы Қазақстандағы дизель отыны тапшылығының себебін хабарлады.

Сыртқы және ішкі нарық арасындағы баға диспаритеті мұнай өнімдерінің шетелге үлкен көлемде құйып әкетуіне себеп болды.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев Шымкент мұнай өңдеу зауытынан мұнай өнімдерін тұрақты жөнелтуді қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев ҚМГ, зауыт басшылығының және серіктестердің қатысуымен жиын өткізді.

Жиында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) Президенті Ерболат Қожабаев зауыт жұмысының биылғы 7 айдағы нәтижелері, өндірістік бағдарламаның орындалу барысы және 2023 жылға шегерілген жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық туралы есеп берді. ПҚОП 2022 жылдың 7 айында 3,6 млн тонна мұнай өңдеді, 1,2 млн тоннаға жуық бензин, 1,1 млн тонна дизель отынын, 204 мың тонна авиаотын және басқа да мұнай өнімдерін өндіріп шығарды.

«Шымкент мұнай өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, қазіргі уақытта өндірістік бағдарламаны толық орындап, дизель отынын өндіру жоспарын 1100 тоннадан асыра орындап келе жатқанын атап айтқым келеді. Жанар-жағармай нарығындағы күрделі жағдайдың басты себептері ретінде көрші елдермен баға диспаритетін және Қазақстанда өндірілетін мұнай өнімдерін үлкен көлемде құйып әкету, соның ішінде дизель отынын заңсыз әкету жағдайларын келтіруге болады», — деді ҚМГ басшысы.

Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарды Қазақстан шекарасы маңында бақылауды күшейтуге және ел аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығаруды тоқтату мәселесіне қатысты шұғыл түрде түбегейлі шара қолдануға шақырды. Мағзұм Мырзағалиев қазіргі уақытта барлық үш МӨЗ жоғары қуатында жұмыс істеп тұрғанын және мұнай өнімдерін шығару жөніндегі бекітілген жоспарларды толық орындалып жатқанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Шымкент МӨЗ-нің алдын ала жоспарланған жөндеу жұмыстары мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмас үшін 2023 жылға шегерілген, бұл дизель отынын өндіру бойынша биылғы қыркүйек айының жоспарын 70 мың тоннаға, ал жыл қорытындысы бойынша 20 мың тоннаға асыра орындауға мүмкіндік береді.

Жанар-жағармайды заңсыз әкету жағдайлары тоқтамаса, мұнай өңдеушілердің бар күш-жігері нәтижесіз болмақ, деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» өкілдері.

Бұған дейін Мағзұм Мырзағалиевке Қазақстанда дизель отынының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін уақытылы шаралар қабылдамағаны үшін қатаң сөгіс жарияланған болатын. «ҚазМұнайГаздың» жұмысында үкіметтік комиссия жүйелі кемшіліктер мен ақауларды анықтады.

Добавить комментарий