Қазақстанда 2020 жылы интернет-алаяқтықтың 3392 оқиғасы тіркелсе, ағымдағы жылы 8464-ке дейін күрт өсті.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлағандай, «ҚР ІІМ криминалдық полициясының деректері бойынша, ағымдағы жылы интернет-алаяқтықтың тіркелген оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3392-ден 8464-ке дейін өсті. Алаяқтардың кең таралған құралдарының бірі азаматтарға олардың қатысуынсыз онлайн-кредиттерді ресімдеу болып табылады».
СҚО-да әлеуметтік желілерден құжаттарының жоғалғаны туралы хабарландыруды тауып, сол азаматтардың құжатының көшірмелерін пайдаланып 50 ұрлық жасаған алаяқ ұсталды. Қостанай облысында тағы бір оқиға орын алды. Онда әйел жеке куәліктердің фотосуреттерін пайдалана отырып, жергілікті тұрғындардың атына олардың қатысуынсыз тауарлық онлайн-кредиттер ресімдеген.
2021 жылғы ақпанда агенттік микроқаржы ұйымдарына биометриялық сәйкестендірусіз немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы сәйкестендірусіз электрондық тәсілмен беруді тоқтатуға нұсқама берді
«Қосымша зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін МҚҰ алаяқтық тәсілмен алынған микрокредиттер бойынша сыйақы мен айыпақы есептеуді тоқтатты. Бұл оқиғалар туралы ақпарат зардап шеккен қазақстандықтардың кредиттік тарихын түзету үшін кредиттік бюроға жіберілді», — деді агенттік әдіснама және пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев.
Қабылданған шаралар осы жылдың төрт айында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жалған микрокредиттер беру жағдайлары 3,6 есеге төмендегенін көрсетті.