«Ресей сыртқы саясатында белгілі бір геосаяси мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде ақпараттық шабуылдарды ұдайы пайдаланады. Қазақстанға соңғы уақытта солтүстік көршісі тарапынан ақпараттық шабуылдар жиілеп кетті. Нұр-Сұлтанның Батыс елдерімен сенімді қарым-қатынас орнатып жатқаны РФ-ның, наразылығын тудыруда, себебі Қазақстан ресейлік ықпалдан құтылып кетуі ммкін», — деп жазады батыстық сарапшылар.
Олар өз материалдарында «талқылаудың басты тақырыбы — Орталық Азия елдерінің аумағында салынып жатқан америкалық әскери биологиялық зертханалар. Мәселен, қараша айының соңында Бішкекте ресейлік «Ридус» басылымы мен «Еуразиялықтар — жаңа толқын» жастар гуманитарлық ынтымақтастық қоры ұйымдастырған «АҚШ-тың биологиялық зертханалары: Орталық Азия өңіріндегі Еуразиялық кеңістікке төнген қауіп» атты халықаралық конференция өтті.
Конференция барысында Қазақстанды АҚШ-тың сынақ биополигонына айналғаны айтылды. Ресей тарабы Қазақстан аумағында америкалық биолаборатория жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, қараша айының соңында ресейлік «Звезда» интернет-ресурсында «Крёстные отцы» COVID-19 переезжают в Казахстан» деген мақала жарық көрді. Мақалада АҚШ Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейдегі BSL-4 биозертханасы салынып жатқаны айтылған. Айта кету керек, мақалада зертхананың әлі салынып жатқаны айтылған, бірақ шын мәнінде Қазақстан билігі зертхана салу туралы түбегейлі шешім қабылдаған жоқ. Сонымен қатар, «Ашық НҚА» арнайы сайтында Қазақстан Үкіметі қаулысының жобасы қарашаның басында көпшіліктің талқылауына ұсынылды
Естеріңізге сала кетейік! Былтыр көктемде ресейлік БАҚ-та COVID-19 Масғұт Айқымбаев атындағы Қазақстандық аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының қамқорлығымен жұмыс істейтін Орталық референс-зертханадан таралғаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Жүргізілген тергеулерден кейін ақпараттың жалған екені анықталды.