Қазақстанда интернет-сайттардың бірінде жаңа туған балалар сатылды
Жаңа туған балаларды сататын сайт жабылды, оның әкімшілерін полиция іздеп жатыр.
Бұл туралы Алматы қалалық прокуратурасы хабарлады.
Жаңа туған балаларынан бас тартқысы келетін жас әйелдер оларды Интернет арқылы сатпақ болған. Сонымен қатар сайтта балаларды осылай асырап алғысы келетін адамдардың жаппай хабарландырулары бар.
Прокуратура мұндай қызметке заңмен тыйым салынғанын атап өтті. Тауып алынған, тастанды баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.
БАҚ туралы Заңға сәйкес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
Осыған байланысты Алатау ауданының прокуроры сотқа сайтты заңсыз деп тану және оның Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтату туралы өтінішпен жүгінді. Сот қадағалау органының өтінішін қанағаттандырды.
Материалдар ҚР ҚК-нің 128-бабында көзделген қылмысты жасау, яғни адам саудасы мәніне тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.