Қазақстанда туризмді дамыту тұжырымдамасы қабылданды

Бейінді министрлік елімізде туризм саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданғанын хабарлады. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Біздің мақсатымыз — туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру.

Атап айтқанда, осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтарымыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту. Қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр», — деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, тиісті көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ, уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады.

«Салынған қаражаттың тиімділігін бағалау үшін туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлердің ұлттық рейтингтік бағасын енгізу жоспарланып отыр. Рейтинг Қазақстанның туристік картасына енгізілген басым бағыттар мен ТОП-50 дестинацияны қамтитын болады», — деп жалғастырды Оралов.

Өңірлік туризм саласындағы шағын, орта және ірі «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартылады. Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау-шаңғы кластері және басқа да орындар басым аймақтар ретінде қаралады.
Туризмді дамыту шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда АҚШ, Австралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылады. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін инвесторлар тартылады, ал мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын дамыту жалғасады. «Мысалы, Имантау-Шалқар курортты аймағын дамыту аясында Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан жердің туристік-рекреациялық қызметінің жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр», — деді министр.
ТЖМ аумақтық бөлімшелерін туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы хабардар ету бойынша талап енгізіледі. Бұл ақпарат іздеу іс-шараларын уақтылы ұйымдастыру және қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау үшін аса маңызды.
«Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша туристік жолдарды таңбалау жөніндегі стандарт қабылданады. Маршруттарды бөлу туристердің даярлық деңгейі мен күрделілігіне қарай жүргізіледі. Әр санат белгілі бір түске сәйкес жасалып, соқпақтың басында оның күрделілігі және туристке қажетті талаптар туралы ақпарат орналастырылады. Деректер, ақпараттық қалқандар мен стендтерді орнату туристерге дұрыс бағыт-бағдар алуға және саяхаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп сендірді Оралов.

Добавить комментарий