Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль тағайындау туралы Президент Жарлығының жобасын дайындады.
Медаль Қазақстан Республикасының азаматтары мен елдің мемлекеттілігін дамытуға, қалыптастыруға, егемендігін нығайтуға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан шетелдік азаматтарға беру жоспарлануда.
Мерейтойлық медальмен марапаттауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Парламентіне, Үкімет, министрліктер, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, облыстар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар бере алады.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі дұрыс шеңбер формасында болады, диаметрі – 34 мм.
«Мерекелік медальдің бет жағында (аверсінде) «ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ» деген жазу орналасқан. Ал төменгі бөлігінде ұлттық ою-өрнек бейнеленген.
Мерекелік медальдің сырт жағында (реверсінде) ортаңғы бөлігінде төрт жолмен жазылған «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ» деген жазу бейнеленген. Жазудың төменгі және жоғарғы жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан», — делінген медальдің сипаттамасында.
Мерекелік медальдағы барлық бейнелер мен жазбалар бедерлі, алтын түстес. Аверс пен реверстің беті күңгірт. Мерекелік медаль сары түсті металдан (жезден) жасалады.
Мерейтойлық медальді Президент табыстайды, сондай-ақ Мемлекет басшысының атынан және тапсырмасы бойынша мемлекеттік хатшы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстарының әкімдері және Президент уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар табыстай алады.
Жарлық жобасы 25 наурызға дейін қоғамдық талқылауға «Ашық НҚА» сайтында орналастырылды.