Қазақстанда түсірілген «Сары мысық» фильмі беделді Оскар сыйлығының байқауына ұсынылады.
Сыйлыққа үміткер номинанттарының тізімі 2022 жылдың 8 ақпанында жарияланады.
Қазақстандағы Оскар комитетінің шешімімен Әділхан Ержановтың «Сары мысық» лентасы «Шет тіліндегі үздік фильм» санатында «Оскарға» ұсынылды, деп хабарлады режиссердің сайты.
«Оскар комитеті «Сары мысықты» беделді «Оскар» сыйлығына ұсынуы — үлкен қуаныш пен құрмет. Мен фильмнің түсірілуіне атсалысқан командамды құттықтаймын!»- деді Әділхан Ержанов.
Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды — бұл қылмысқа белшесінен батқан жас жігіт Кермек пен түзу жолдан адасқан қыз Еваның махаббаты туралы, екеуінің арасындағы қиындықтар мен олардың әлемге қарсы тұруы туралы оқиға. Басты рөлдерді Азамат Нығманов және Камила Нұғманова ойнап шықты.
Картинаның сценарий авторлары Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Фильмнің музыкасын композиторлар Әлім Зайыров пен Иван Синцов жазды. Фильм Short Brothers, «Қазақфильм» және Arizona Productions компанияларының қатысуымен Zerde FILMS компаниясымен түсірілген
«Сары мысық» — Ержановтың тоғызыншы толықметражды көркем фильмі. Картинаның әлемдік премьерасы былтырғы жылы 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасында өтті. Кейінірек туынды бірқатар фестивальдерге қатысып, бірнеше марапаттарға ие болды, соның ішінде Верона мен Брюггеде өткен фестивальдарда «Үздік фильм» үшін гран-при, сондай-ақ Стокгольмде өткен Hope IFF кинофестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесін алды.
Фильм ресейлік «Ника» киносыйлығына ұсынылды.
«Оскар» сыйлығына үміткерлер тізімі 2022 жылдың 8 ақпанында жарияланады, ал марапаттау рәсімі 2022 жылы 27 наурызда өтеді.