Қазақстанда тұрғын үй бағасы қымбаттамайды

Еліміздің вице-премьер-министрі Роман Скляр Қазақстандағы тұрғын үй бағасына қат.ысты пікір білдірді Атап айтқанда, ол жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттамайтынын айтты.

«Таяу келешекте баға ауыз толтырып айтарлықтай өспейді. Ешкім кепілдік бере алмайды, бірақ біз тұрғын үй бағасының күрт өсуіне маңызды алғышарт көріп тұрған жоқпыз», — деді вице-премьер тілшінің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазір тұрғын үй бағасы тұрақты, әсіресе Ресеймен шекаралас аймақтарда құрылыс материалдарының бір бөлігі РФ-дан сатып алынады.

«Белгілі себептерге байланысты ресейлік материалдардың бағасы біздікінен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің осы жағдайдан аман қалуы үшін шаралар қабылдау қажет. Бағам құбылып тұр, құрылыста пайдаланылатын материалдар — негізінен бізде өндірілген материалдар», — деді ол.

Роман Скляр тұрғын үй бағасы жағдайына толық баға беру үшін уақыт қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желіде Қазақстанның ірі қалаларынан тұрғын үй сатып алу және жалға алу бағасының көтерілгеніне шағымданған болатын.

 

Добавить комментарий