Мәжіліс рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады, оған сәйкес Қазақстанның пробация қызметінде есепте тұрған және колонияда жазасын өтеп жатқан 13,5 мың адам Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бостандыққа шығуы мүмкін.
Мәжіліс мақұлдаған жаңа заң жобасы жеңіл және орташа қылмыс жасаған адамдар ғана қатысты болады. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар жоқ.
3 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев егжей-тегжейлі баяндады.
«Заң жобасының мақсаты — ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандарды жазаны өтеуден босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, егде жастағы азаматтарға, 1-2 топтағы мүгедектерге және азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін басқа да тұлғаларға қатысты қолданылатын болады», — деді Тұрғымбаев.
Қазақстанда 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторы бар, онда 34 мың адам отыр. Оның төрт мыңы тергеуде жатыр. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, шамамен 45%-ы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұдан басқа, 32 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.
«Алдын ала есеп бойынша 2236 сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 11 310 адамға рақымшылық жасалады. Біріншіден, 1000-ға жуық адам бостандыққа шығады, сондай-ақ, 3,8 мың адам пробация қызметі есебінен шығарылады. Екіншіден, жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту 1294 сотталған мен пробация қызметінде есепте тұрған адамға қолданылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі іс жүргізудегі 5000 қылмыстық іс қысқартылады, оның ішінде 1674-тен аса адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1471 адамға қатысты жаза мерзімін қысқарту немесе босату жөніндегі ережелер қолданылады», — деп түсіндірді ІІМ басшысы.
Тұрғымбаев атап өткендей, Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасау қарастырылмаған. Мысалы, Алматыдағы кәмелетке толмағандарға арналған колониядан 52 сотталушының ешбірі бостандыққа шықпайды, өйткені олар ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазаланған. Дегенмен, 12 сотталушының мерзімі қысқартылды.