Қазақстанда әлеуметтік электронды әмиян енгізіледі

Еңбек министрлігі әрбір қазақстандыққа банк картасына байланған әлеуметтік электронды әмиян енгізілетіні туралы айтты. Ол тек қана әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алуға арналады.

Бұған дейін Ұлттық банк 2022 жылдан бастап әлеуметтік төлем алатын азаматтар үшін “әлеуметтік әмиян” енгізу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.

Еңбек министрлігінің сайтында хабарлағандай, әлеуметтік әмиянның артықшылығы – ол Ұлттық банк жүйесінде әрбір қазақстандыққа ЖСН бойынша ашылады. Шот ашу немесе банк картасын жаңарту үшін (әрбір 3 жыл сайын) екінші деңгейдегі банктерге тұрақты түрде бару қажет болмайды. Бұл сондай-ақ әмиянға әлеуметтік төлемдерді проактивті түрде есептеуге мүмкіндік береді.

«Азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың қайда есептелетінін таңдау мүмкіндігі беріледі: әлеуметтік әмиянға электрондық ақшамен немесе әдеттегі тәсілмен банк картасына аудару. Әлеуметтік әмияннан өз қаражатын банк картасына аударуға және оны әдеттегідей пайдалануға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болады», — деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Оның түсініктемесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында келтірілген.

“Әлеуметтік әмиянға” есептелген қаражат “Төлемдер және төлем жүйелері туралы” Заңға сәйкес банктер, коллекторлар және салық органдары тарапынан өндіріп алудан қорғалатын болады.

Еңбек министрлігі “әлеуметтік әмиян” қауіпсіз болады, ал қазақстандықтардың жеке деректері қорғалады деп сендіреді.

Әмияннан коммуналдық қызмет, телефон және тағы басқалары үшін онлайн төлеуге болады. Сондай-ақ, қазақстандықтар “әлеуметтік әмиянды” банк картасына байланыстыра алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Добавить комментарий