2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда VII съезд өтеді, онда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бас қосады.
Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІХ отырысы өтті. Онда қатысушылар кезекті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.
Съезд Хатшылығының отырысына 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сенат төрағасы — съезд хатшылығының жетекшісі Мәулен Әшімбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі халықаралық күн тәртібіндегі бірегей бастама және жаһандық дінаралық диалогтың нағыз тиімді тетігі екенін атап өтті.
БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос тұрақты және қауіпсіз әлем құру үшін діннің қоғамдағы рөлін және халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды талқылау тұрғысынан Съездің маңызы зор екенін жеткізді.
Хатшылық отырысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтетін орын мен мерзім белгілі болды. Соған сәйкес, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі 2022 жылғы 14-15 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Аталған Форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланбақ.