Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен тек 33 мың адам егілді

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе 30 мыңнан астам адамға салынды. Осындай деректі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі келтіреді.

Ведомствоның мәліметінше, «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентімен 33 279 адам, ал екінші компонентімен 15 856 қазақстандық егілді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 ақпаннан бастап Қазақстанда халықты ерікті түрде кезең-кезеңмен вакцинациялау науқаны басталды. Бұған дейін хабарланғандай, КВИ-ге қарсы вакцинация коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары адамдар алады:

1) бірінші кезекте медициналық қызметкерлер, инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қабылдау бөлімінің, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері;

2) мұғалімдер;

3) учаскелік полицейлер;

4) студенттер;

5) медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті;

6) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар қызметінің, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері;

7) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының контингенті, мемлекеттік қызметшілер, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық, консулдық мекемелердің қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, ұлттық құрама командалардың мүшелері;

8) созылмалы аурулары бар адамдар (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-тамыр жүйесі).

Айта кетейік, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният «Спутник V» вакцинасымен егілді.

Добавить комментарий