ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді. Отырыста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 қарашадағы ВАК отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Коронавируспен сырқаттанудың өсуі Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік тіркеледі. Республика бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 1,07 құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың толығуы – 22%, реанимациялық төсек-орындардың толығуы – 17%. «Қызыл аймақта» 5 өңір қалып отыр: Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары. «Сары аймақта» 2 өңір бар: Батыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы.
Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге коронавирустық инфекцияға зертханалық зерттеулердің дұрыстығын қамтамасыз ету тапсырылды. Зерттеулердің ашықтығы үшін ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін бірыңғай ақпараттық жүйемен зертханаларды интеграциялауды аяқтау қажет.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігіне бір апта мерзімде дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету мақсатында коронавирусқа қарсы препараттардың бағасын реттеу тәртібін өзгерту тапсырылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне ҚР-дағы коронавирусқа қарсы препараттар құнының жоғарылауына жол бермеу мақсатында шетелдік фармацевтикалық нарықтардағы баға конъюнктурасына талдау жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар, Асқар Мамин медициналық жабдықтарды жеткізуді аяқтауды және инфекциялық стационарлардың реанимациялық бөлімдерінің толық жабдықталуын қамтамасыз етуді, эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда ведомстволық ауруханалар мен госпитальдардың дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Ішкі істер, еңбек, білім, қорғаныс министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп ұйымдастырылған ұжымдарда профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуын бақылауды күшейту тапсырылды.