Қазақстанда Калашников автоматтарының өндірісі қолға алынбақ

Қазақстанда Калашников автоматтарының өндірісі қолға алынбақ, ол «Тыныс» зауытының базасында іске қосылады. Кәсіпорынның жұмысшылары AK-12 мен AK-15 автоматтарын құрастыратын болады.

Ақмола облысында орналасқан зауыт биыл өндірісті іске қосады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы сәрсенбі күні ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Көкшетауда осы жылы 2015 жылғы үлгідегі Калашников автоматтарын өндіру қолға алынбақ», — делінген хабарламада. Ведомствоның мәліметінше, «Тыныс» зауытының базасында AK-12 мен AK-15 автоматтары өндірісін іске қосу көзделіп отыр.

Бұдан басқа, биыл қазақстандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары «№ 405 авиажөндеу зауыты» АҚ базасында Ми-171Ш тікұшақтарын құрастыру, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС кәсіпорнында Airbus ұшақтарына қызмет көрсететін сервистік орталық құру; «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ базасында мемлекеттік шекараны қорғаудың техникалық құралдарын өндіру сияқты перспективалы жобаларды жолға қою жоспарланған

Сонымен қатар, «Семей инжиниринг» АҚ базасында бронетанктік техниканы жаңғырту; «Steelmanufacturing» ЖШС автоматты оқ-дәрілер өндіру, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС-де «Барыс 8х8» сауытты дөңгелекті машиналар өндірісін, «Тыныс»АҚ базасында АК-12 және АК-15 автоматтары өндірісін іске қосу көзделіп отыр.

Добавить комментарий