Қазақстанда көміртегі салығын енгізу мен парниктік газдарға квота бөлі мәселесі қарастырылып жатыр

Қазақстанда парниктік газға квоталар енгізіп, оны ақылы етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ел ішінде көміртегі салығын енгізу мәселесін қарастырып жатыр.

Бұл туралы ведомство басшысы Серікқали Брекешев хабарлады. Министр айтып өткендей, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу Доктринасы экономиканың түрлі секторларын, негізінен энергетиканы трансформациялауды көздейді

«2030 жылға қарай энергия теңгеріміндегі көмір генерациясының үлесін ағымдағы 69%-дан 40,1%-ға дейін біртіндеп төмендету, газ үлесін 25%-ға дейін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 24%-ға дейін ұлғайту көзделген», — деп түсіндірді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында.

Сонымен қатар, Экология министрлігінің басшысы атап өткендей, 2023 жылдан бастап Еуропалық одаққа енгізілген шекаралық көміртегі салығының әсер ету тәуекелдерін теңестіру міндеті тұр

» 2023 жылдан бастап салық әлі де «нөлдік мөлшерлеме» бойынша болады. Бірақ 2026 жылдан бастап Еуропалық Одақ осы көміртегі салығын енгізуді жоспарлап отыр. Көміртегі салығы СО2 эквивалентінің 1 тоннасы үшін 100 евроға дейін болады деп болжануда. Экспорттаушыларымыздың еуропалық нарықтардағы осалдығын төмендету мақсатында біз нарық ішінде көміртегі салығын енгізу және парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ақылылығы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деп хабарлады министр.

Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ОКҚ-да өткен брифингте Еуропалық одақтағы көміртегі салығы өндіру кезінде шығарындылар деңгейі жоғары импортталатын тауарларға салынатынын айтты, деп хабарлайды ortcom.kz

«Тауарларға тоқталатын болсақ, бұл мұнай өнімдері, болат, алюминий, цемент, органикалық химия тауарлары. Осы көміртегі салығының құрылымы бойынша, оның деңгейі қазір Еуропалық Одақта талқылануда. Біз осы талқылаулардың барысын тұрақты бақылап, талдау жүргізіп жатырмыз, ЕАЭО бойынша әріптестерімізбен қатар консультациялар өткіземіз, жалпы алғанда есептеулер жасалуда. Менің ойымша, биыл жыл соңына қарай бәрі айқындалады», — деп хабарлады ұлттық экономика министрі.

 

Добавить комментарий