Қазақстанда интернет-алаяқтық саны күрт артты, деп хабарлайды құқық қорғау органдарының өкілі.
Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин осыған байланысты азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мен олардың ақшалай қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
10 айда Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық фактілерінің саны 17,8 мыңды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есеге жуық көп, деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің сайты.
Интернет-алаяқтықтар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында көбірек тіркелген.
Кибер-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері
интернет-хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем не толық төлем алу — 8,2 мың факт;
микрокредиттік ұйымдардың сайттарында жалған онлайн-қарыз ресімдеу — 2,7 мың факт;
банктердің қауіпсіздік қызметтерінің атынан қоңырау шалу арқылы банк шоттарынан ақша ұрлау — 2,3 мың факт:
түрлі жобаларға, ойындарға және т. б. тиімді ақша салуды ұсыну — 1,9 мың факт;
жалған сілтемелер жіберу арқылы жеке деректерді немесе ақшаны иелену — 1,3 мың факт.
Бұл ретте алаяқтар шығыс нөмірлерін қазақстандық ұялы операторлардың абоненттік нөмірлеріне ауыстыру бойынша хакерлік бағдарламаларды қолданады. Интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерін кадрлық және техникалық қамтамасыз ету күшейтілді. ҚНРДА биылғы сәуір айында онлайн микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды сәйкестендірудің жаңа тәртібін енгізді – сәйкестендіру үш тәсілдің бірімен жүргізіледі, атап айтсақ: ЭЦҚ арқылы, қарыз алушының биометриялық параметрлерінің сәйкестігін салыстырып тексеру, жеке деректерді екі факторлы тексеру және нақты уақыт режимінде тұлғаның бейнесін тексеру.
Үкімет басшысы азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін және олардың ақшалай қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.