Қазақстанда зейнетақы жүйесі жетілдірілуде, 2030 жылға дейінгі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, оған сәйкес кепілдендірілген зейнетақы мөлшері — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын қамтиды.
Естеріңізге сала кетейік! ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕЖХӘҚМ) Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.
Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды 2019 жылы Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы ұзақ мерзімді актуарлық модельдерді құру негізінде әзірледі. Бұл жұмыстың маңызды бағыты ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру болып табылады.
Қолданыстағы тұжырымдама аясында 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделгенін атап өткен жөн. Сондықтан ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны тағайындау тетігі белгілі бір тұстарын жетілдіре отырып, базалық зейнетақыны тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделген.
Қазақстан Республикасы Еңбекмині Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, қазіргі уақытта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау тетігі пысықталуда, ол мыналарды көздейді:
- ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі — ЕТКД) 54%-нан 70%-на дейін ұлғайту ұсынылады;
- қатысудың ең аз өтілін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту;
- зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау (қазіргі уақытта ең жоғары шектеу қатысу өтілі 33 жыл және одан көп болған кезде 1 ЕТКД-ні құрайды).
Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруды, барлық азаматтарға қатысты бірыңғай көзқарасты, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіруді, зейнеткерлік алдындағы және зейнеткерлік жастағы азаматтардың еңбек қатынастарын және жұмыспен қамтылуын ынталандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл халықаралық сарапшылардың ұсынымдарына сәйкес келеді.
Бұл ретте Тұжырымдамада зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар үшін зейнеткерлікке шығуды «кейінге қалдыру» құқығын беру көзделеді. Бұл болашақта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді, өйткені зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейінгі еңбек кезеңдері оның мөлшерін анықтау кезінде ескерілетін болады», – деді Виктория Шегай.
Жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын (бұдан әрі – ЖБМЗЖ) енгізу болып табылады. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен өз жұмыскерлерінің пайдасына жұмыскердің табысынан міндетті 5% зейнетақы жарнасын аударатын болады.