Қазақстанда бірнеше әскери оқу-жаттығу жиындары өтеді

2022 жылы Қазақстан аумағында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) күштерінің бірнеше оқу-жаттығу жиындары өтеді, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

«Алдағы күз айларында Қазақстан Республикасының «Мәтібұлақ» полигонында ҰҚШҰ әскерлері (ұжымдық күштері) материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінің «Эшелон – 2022», барлау күштері мен құралдарының «Іздестіру – 2022» арнайы оқу-жаттығулары мен ҰҚШҰ жедел ден қою ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланғанын естеріңізге саламыз», — делінген бейсенбі күні ҰҚШҰ Әскери комитетінің отырысының қорытындысы бойынша хабарламада.

Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, кеңесте «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бас штабтарының бастықтары ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын нығайтуға және дамытуға бағытталған уағдаластыққа қол жеткізді».

«Кеңес барысында ұйымның жауапкершілік аймағындағы әскери қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ дағдарысқа ден қою тетіктерін жетілдіру және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері авиациясының халықаралық ұшуларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Тараптар 2022 жылы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау іс-шараларын өткізу жоспарын мақұлдады.», — делінген хабарламада.

Добавить комментарий