Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Ербол Қарашөкеев қол қойған бұйрыққа сәйкес, елде бидай пен ұнды экспорттауға енгізілген шектеу алынып тасталды.
Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 30 қыркүйекке дейін 550 мың тоннадан аспайтын бидай және 370 мың тоннадан аспайтын ұн шығаруға квота енгізу туралы шешім қабылданған болатын.
Алайда, әлемдік нарықтағы жағдай тұрақтанғаннан және Қазақстандағы астық өніміне жасалған болжамның оң көрсеткішінен кейін енгізілген квотаны алып тастау туралы шешім қабылданды.
«Бүгінгі күні республиканың барлық облысында егін жинау жүріп жатыр. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 11,3 млн га астық жиналды — бұл жоспардың 69,8%. 12 ц/га орташа өнімділікте 13,5 млн тонна астық бастырылды (2021 жылы бұл уақытта орташа өнімділік 8,9 ц/га құраған болатын)», — деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.