Қазақстанда бидай экспортына тыйым салынбайды

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов кәсіпкерлер кеңесінің отырысы барысында елде астық экспортына ешқандай тыйым салынбағанын, оны шығаруға квоталар айтарлықтай ұлғайтылғанын мәлімдеді.

«Егер Қазақстан айына шамамен 350 мың тонна астық экспорттап отырған болса, квота биылғы қыркүйек айының соңына дейін қолданыстағы экспорттық келісімшарттарды шектемей, азықтық астықты бақылаусыз жаппай шығарудың алдын алуды қамтамасыз ету үшін айына 500 мың тоннадан жоғары деңгейде белгіленді», — деді Смайылов.

Премьер мәлімдегендей, «Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарылып жатқан жұмысты дұрыс түсіндірмейді. Сондықтан кәсіпкерлерде не болып жатқаны туралы қате түсінік қалыптасады».

«Бидайды шығаруға ешқандай тыйым салынған жоқ! Біз квота түрінде шектеулер енгіздік, бірақ оны әдеттегі экспорт көлемінен жоғары қойдық», — деп түсіндірді Смайылов.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін реформалау тақырыбын қозғады.

Премьер жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру кезінде үкімет барлық ұсыныстарды ескеруге дайын екенін сендірді.

«Отырысқа қатысушылар Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық саясатының жобасын қарады. Ол едәуір экономикалық еркіндікті қамтамасыз етуді, экономиканы әртараптандыруды, экспорттық әлеуетті және еңбек өнімділігін арттыруды, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғауды дамытуды көздейді», — деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар отырыста агроөнеркәсіп кешенін, тау-кен металлургиясын, көлік саласын, энергетиканы және салықтық әкімшілендіруді дамыту мәселелері қаралды.

Добавить комментарий