Қазақстанда азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 39 млрд теңге бөлінді. Алайда еліміздің дүкендері мен базарларына барсаңыз, оның тиімсіз игерілгенін көресіз.
Антикор басшысы ӘКК қызметін сынға алды.
ӘКК азық-түлік бағасын тежеу үшін 39 млрд теңге жұмсады, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында.
Ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметінде елеулі жемқорлық тәуекелдері анықталғанын атап өтті.
«Бұл жер учаскелерін инвестициялық жоба деген желеумен сату, активтерді аффилиирленген тұлғаларға арзандатылған бағада конкурстан тыс беру сияқты әрекеттер. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге тиімсіз игерілген. Несиелер үлестес компанияларға беріліп, міндеттемелердің орындалуын бақылау жүргізілмеген», — деді Олжас Бектенов.
ӘКК лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді, келтірілген залал 7 млрд теңгеден асты. Антикор әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін қайта қарау бойынша ұсыныстар енгізді.